Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Осы мақсатта, аудандық жастар ресурстық орталығында « Ерте жүктіліктің алдын алу » тақырыбы аясында, жастар ісі жөніндегі мамандар И.Гимуранова, Л.Оразалықызы, орталық аудандық ауруханасының акушері Д.Берішбаеваның қатысуымен, аудан жастарымен ( қыз балалармен ) шара өткізілді.
Ерте жүктілік…
Ерте жүктілік неге әкеп соқтыруы мүмкін? Қыз баласы физиологиялық тұрғыдан ана болуға әлі дайын емес уақытындағы ерте жүктілік ауыр асқынуларға әкеліп соқтырады.
Ерте жүктілік деген не? Ерте жүктілік деп 13-19 жаста болатын жүктілікті айтады. Осы уақытта қыз балаларда өтпелі жас кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу жүреді. Медицицнада 18 жасқа дейін болған жүктілік ерте жүктілік деп саналады.
Ерте жүктілік немен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді – жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме артылады. Бұның қиындығы жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгені. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес!